"АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСАНЫҢ БІРЖАН САЛ АУДАНЫ БОЙЫНША БІЛІМ БӨЛІМІ МАМАЙ АУЫЛЫНЫҢ НЕГІЗГІ ОРТА МЕКТЕБІ" КММ
КГУ "ОСНОВНАЯ СРЕДНЯЯ ШКОЛА СЕЛА МАМАЙ ОТДЕЛА ОБРАЗОВАНИЯ ПО РАЙОНУ БИРЖАН САЛ УПРАВЛЕНИЯ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ"

Әлеуметтік желілер

Әлеуметтік желілер

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

«Баянғали оқулары» - Біржан сал елінде, Кеңашы жерінде /мақала/

01.04.2019

 

«Баянғали оқулары» - Біржан сал елінде,

Кеңашы жерінде

/мақала/

       Қазақтың сал-серілері Ақан мен Біржанның, Сәкен серілердің  заңды жалғасындай боп,  біздің бағымызға орай, Көкшенің  құнарлы топырағынан Баянғалидай дарынды   ұл жаралыпты.

      Баянғали  –  Біржан сал елінің мақтан тұтар біртуар ұлдарының бірі һәм бірегейі! Біржан сал елінің дейміз-ау, ол қасиетті Көкше өңірінің көзайымы, күллі қазақ –қырғыз қауымына  сан қырлы талантымен  қадірлі болған  дара тұлға!

        Аңсаған адамдардың жарасымын,

        Арнаған туған елге бар асылын,

        Қиялы көп болғанмен, зияны жоқ,

        Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын – деген бір шумақ өлеңінен-ақ өзінің жан-жүрегінің кіршіксіз, риясыз махаббат-сүйіспеншілігін туған ел-жұртына, халқына арнаған ақкөңіл, жаны аппақ қардай таза, халықтың ұлын  көреміз!

         Біржан сал елі – ежелден бақ қонған ел,  ұлылар мекені. Ұлы бабалардың ізін басқан, асылдың сынығындай жарқыраған,  жаны нәзік, сөзі – сұлу сыршыл ақын Баянғалиымен Біржан сал елі мақтанады! Сол мақтаныш пен махаббаттың бір кішкентай көрінісі – ақынның 65 жылдық мерейтойы қарсаңына орайластыра ұйымдастырылған аудан жұртышылығымен  кездесу кеші емес пе?!

       Баянғали – сегіз қырлы, бір сырлы нағыз сал-сері екендігін баршамыз да жақсы білеміз. Есіміне «ақын» деген атақты қоса атау, әрине, оның жан-жақты  дарынын толық қамти алмасы  айқын. Алайда  бүгінгі  айтылмақ сөз  Баянғали ағамыздың ақындығы мен сазгерлігін тағы да бір мәрте дәріптейтіндіктен «ақын» аты жиі аталмақ!

        Наурыздың алтысы күні Баянғали ақынның өлеңдерімен өрілген, әндері жүректерді тербеткен   тағы бір ғажайып  байқаудың куәсі болып қайттық. Ақын өмірінің елеулі кезеңі өткен  Кеңашы ауылының орта мектебінде тұңғыш рет аудандық «Баянғали оқулары»  жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.

Рухани-танымдық іс-шараға аудандық Білім бөлімінің бас маманы Ақшалова Ақкенже Төлеубайқызы, тілдерді дамыту орталығының  басшысы Искакова Гүлайым Абжанқызы және аудан мектептерінің директорлары мен қазақ тілі мен әдебиеті, музыка пәндерінің  ұстаздары мен оқушылар  қатысты.  

        Садуова  Гүлнәр Серікқызы басқаратын Кеңашы орта мектебі ұжымының жауапты іс-шараға тыңғылықты дайындалғандықтары байқалып-ақ тұр. Мерекелік шара   Баянғали Тақанұлы Әлімжановтың шығармашылығы мен өмір жолына арналған  «Көкшенің бүгінгі Біржан салы» атты бұрыштың ашылу салтанатынан  басталды. Шашу шашылып, лента қиылды. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Ақшалова Ақкенже Төлеубайқызы лента қию рәсімінен кейінгі сөзінде  Баянғали Әлімжановтың  туған ел-жерімен терең байланыстағы елжанды азаматтық нар тұлғасына тоқтала келе, жас ұрпақтың бой түзетер, үлгі-өнеге алар бағдаршысы екендігін атап айтты. «Баянғали бұрышының» қабырғаларына ақынның отбасы, қызметтік-шығармашылық өмір жолы, өсу жолы жайлы жазылған, өзі үлесін қосқан өнердің түрлі саласы («Айтыстың ақтаңгері», «Жыршы-жырау, манасшы», «Драматургия және кино») бойынша стендтер ілінген. Түрлі деңгейдегі мадақ-марапаттары туралы мағлұмат берілген. Сонымен қатар ақынның әр жылдары жарық көрген кітаптары мен Баянғали Әлімжановқа қатысты түрлі мәлімет-деректер, бұқаралық ақпарат құралдары – газет-журнал материалдары, зерттеу жұмыстары, фото суреттер қойылған. Кеңашы мектебінің оқушылары Тұрар мен  Аружан «Баянғали бұрышындағы» әр стенд, әрбір суреттің сырын жиналған қауымға ұғынықты да нақты мәліметтермен таныстырды.     

         Кеңашы мектебі оқушыларының шағын концерттік бағдарламасынан кейін, күн тәртібіне сәйкес  кезек сайыскерлерге берілді. «Баянғали оқулары» үш аталым бойынша өткізілді:

        Бірінші, «Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын» сайысында шәкірттер ақын өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп жатқа оқыды. «Жазар жыры, айтар әні сарқылмас» аталымы бойынша сайысқа түскен оқушылар ақынның сөзіне жазылған не әуенін шығарған әндерін орындады.  Үшінші, «Қиялым кезеді ғаламды» аталымы ақынжанды, өлеңге жаны құштар, Баянғалидың ізбасарларының өлең-эссе сайысы болатын.

        Сөз бен өнер додасында шашасына шаң жұқпас шын жүйріктер оза шапты. Әділқазылардың  әділ шешімімен төмендегі оқушылар сайыс жеңімпаздары деп танылып, мақтау қағазымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды:

        «Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын» аталымы бойынша бас жүлдені Казгородок орта мектебінің 11-сынып оқушысы Қанашева Айзада иеленді. Ал  «Жазар жыры, айтар әні сарқылмас» аталымы бойынша бас жүлдені Кеңашы орта мектебінің 7-сынып оқушысы  Маман Аяжан еншіледі.

       Сайыста бас жүлдені иеленген оқушылармен қатар, I, II,  III орындарды еншілеген оқушыларға мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар, сонымен қатар, барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

       Аудандық көлемдегі іс-шараны жоғары  деңгейде ұйымдастырып өткізген Кеңашы мектебі  ұжымының  кәсіби-шығармашылық  жетістіктерге жету берулеріне тілектестік білдіреміз.

       Қорыта келе айтарымыз, Баянғали ақын туған жерін, өскен елін жырласа, туған халқы ұлын ұлықтап, даңқын дәріптейді.  «Баянғали оқулары» байқауы аудан мектеп оқушылары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, Баянғалидың баянды шығармашылық жолын үлгі етер талай өнерлі өрендерді қанаттандырып ұшырарына сенеміз!

 

Хойчбай Ермурат /қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі/ 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

      

 

Просмотров: 869


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст